Түркістанда «Күй құдіреті» республикалық күйшілер байқауы басталды

Автор: Дәулет Ботагөз

Байқаудың екінші кезеңі бүгін сағат 18:00-де Түркістандағы әйгілі «Керуен сарай» туристік кешенінің аумағында жалғасады

Фото: облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Түркістан қаласында Ұлттық домбыра күні аясында «Күй құдіреті» атты республикалық күйшілер байқауы басталды. Мәдени шара ұлттық күй өнерін дәріптеу, дәстүрлі орындаушылық мектептерді сақтау мен дамыту, сондай-ақ талантты күйшілердің шығармашылық әлеуетіне қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ауқымды өнер додасына Қазақстанның барлық өңірінен жиналған ең үздік орындаушылар қатысып жатыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба дәстүрлі күй өнерін кеңінен насихаттауға, ұлттық музыкалық мұраны келешек ұрпаққа аманаттауға және жас орындаушылардың кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған.

Байқаудың алғашқы турында қатысушылар дәстүрлі шертпе күйдің шеберлері – Сүгір Әлиұлы мен Төлеген Момбековтің туындыларын орындады. Тартысты өткен өнер додасының нәтижесінде қазылар алқасы екінші кезеңге жолдама алған ең үздік орындаушыларды анықтады.

Байқауға қатысушылардың өнерін елімізге белгілі күй өнерінің майталмандары бағалап жатыр. Қазылар алқасының құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Кәріма Сүндетқызы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Сүгір атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің бас дирижері Шыңғыс Бөріұлы және ҚР Мәдениет саласының үздігі, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің факультет деканы Батырлан Әлкеев бар.

Байқаудың екінші кезеңі бүгін сағат 18:00-де Түркістандағы әйгілі «Керуен сарай» туристік кешенінің аумағында жалғасады.

«Мұнда қатысушылар қазақ халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен Сүгір Әлиұлының күйлерін және Қаршыға Ахмедияровтың шығармаларын орындап, бақ сынайды. Сондай-ақ, кеш қонақтары үшін Қазақстанның халық әртісі Айгүл Үлкенбаева мен белгілі күйші-композитор Ғаламат Бейсеқожа өнер көрсетеді», — деп нақтылады әкімдіктен. 

Атап өту керек, Түркістан облысында өңір әкімі Нұрлан Көшеровтің бастамасымен және қолдауымен мәдениет пен руханият саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Өңірде дәстүрлі түрде айтыстар, термешілер мен күйшілер байқауы тұрақты негізде ұйымдастырылып тұрады.