Ол 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды
Алматы полициясы әлеуметтік желі арқылы көмек сұраған шетелдік азаматқа шабуыл жасаған бұзақыны қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция мәліметінше, зардап шеккен шетелдік азамат мегаполис орталығында серуендеп жүрген. Осы сәтте оған белгісіз ер адам тап беріп, тіл тигізген, содан кейін соққыға жығып, ұялы телефонын тартып алуға әрекеттенген.
Шетелдік азамат бұл жағдай туралы әлеуметтік желіде мәлімдегеннен кейін, тәртіп сақшылары дереу іске кірісті. Алмалы аудандық полиция басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізіп, күдіктінің тұлғасын анықтады және оны құрықтады.
Тексеру амалдарының қорытындысы бойынша ұсталған азаматқа қатысты ұсақ бұзақылық бабымен әкімшілік хаттама толтырылды.
«Сот шешімімен ер адам кінәлі деп танылып, 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды», - деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінен.
Құқық қорғау органдары қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін бұзатын кез келген агрессиялық әрекеттерге, зардап шегушінің азаматтығына немесе мәселенің қоғамдағы резонансына қарамастан, заң шеңберінде жедел әрі қатаң құқықтық шара қолданылатынын ескертті.