Петропавлда ер адам тыр жалаңаш күйде фонтанға түскені үшін жарты ай уақытын қамауда өткізетін болды

Автор: Асыл Арман

Оқиға 2 шілде күні сағат 00:28 шамасында болды

Фото: ЖИ арқылы жасалды/Google Gemini

Петропавл қаласының тұрғыны фонтанға шомылғаны үшін әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Петропавл қаласының Мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотында ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартылған жергілікті тұрғынға қатысты әкімшілік іс қаралды.

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, 2 шілде күні сағат 00:28 шамасында ер адам мас күйінде Петропавлдағы Орталық мәдениет және демалыс саябағындағы «Замок» кафесінің жанындағы субұрқаққа әдейі түсіп, шомылған. Осы әрекеті арқылы ол айналасындағыларға құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіпті бұзған.

Сот отырысы барысында құқық бұзушының кінәсі әкімшілік іс материалдарымен дәлелденді.

Сот қаулысымен ер адам Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі («Ұсақ бұзақылық») бойынша кінәлі деп танылып, оған 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.

Сот қаулысының әзірге заңды күшіне енбегені атап өтілді.

«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықтық тетіктерді нығайтуға, құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыруға және заңды қатаң сақтау ұлттық бірегейліктің негізіне айналатын қоғам құруға бағытталған іргелі саяси ұстанымы.