10 адам қаза тапты: Таиландта 11 жастағы бала будда монахтарын қағып кетті
Рөлдегі бала 11 жаста болған
Таиландтың Мукдахан провинциясында 2 шілде күні таңертең қайғылы жол апаты болды. Рөлде 11 жастағы бала отырған пикап будда монахтарының жаяу шеруіне соғылып, салдарынан 10 адам қаза тауып, тағы 10-нан астамы жарақат алды. Зардап шеккендердің бір бөлігі әлі күнге дейін ауруханада жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға Таиландтың солтүстік-шығысындағы, Бангкоктан шамамен 600 шақырым жерде орналасқан Мукдахан провинциясында болған. 35 монах Мукдаханнан Убонратчатхани провинциясына қарай жаяу бет алған. Жалпы бағыттың ұзындығы шамамен 260 шақырымды құраған.
Алғашында билік сегіз, кейін тоғыз адамның қаза тапқанын хабарлаған. Кейінірек Associated Press агенттігі жергілікті әкімшілікке сілтеме жасап, құрбандар саны 10 адамға жеткенін мәлімдеді. Оның бесеуі оқиға орнында көз жұмса, тағы бесеуі ауруханада қайтыс болған. Зардап шеккен бірнеше адамның жағдайы ауыр.
Полицияның мәліметінше, көлікті 11 жастағы бала басқарған. Мукдахан провинциясы полициясының басшысы, генерал-майор Пайрод Тайпхутраның айтуынша, бала отбасының пикабын рұқсатсыз алып, апат орнына дейін шамамен 10 шақырым жүрген.
Кейбір БАҚ баланың даму ерекшеліктері бар екенін жазғанымен, құқық қорғау органдары бұл ақпаратты әлі тексеріп жатыр.
Бейнебақылау камераларының жазбасында монахтардың жол жиегімен тізіліп келе жатқан сәтінде көліктің кенеттен олардың бағытына қарай бұрылып кеткені көрінеді. Куәгерлердің айтуынша, соқтығыс алдында пикап жол бойымен тұрақсыз қозғалып, кейін жолдан шығып кеткен.
Апаттан кейін бала ұсталды. Қазіргі уақытта полиция оның рульге қалай отырғанын анықтап жатыр. Сондай-ақ ата-анасы немесе қамқоршыларының салғырттығы үшін жауапкершілікке тартылу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Тергеу әлі аяқталған жоқ.
Таиландта будда монахтарының жаяу сапарлары елдің діни өмірінің маңызды бөлігі саналады. Сондықтан бұл жол апаты қоғамда үлкен резонанс туғызды.
Оқиға елдегі жол қауіпсіздігі мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарды. Таиланд өңірдегі жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітім деңгейі ең жоғары мемлекеттердің бірі. Сарапшылар мұны жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылаудың әлсіздігімен, жылдамдықты асырумен, жүргізушілер мәдениетінің төмендігімен және кейбір өңірлерде кәмелетке толмағандардың көлікке оңай қол жеткізуімен байланыстырады.