Қарағандыда екі әйел 94 жастағы әжейді алдап, 1 млн теңгесін ұрлады деген күдікпен ұсталды (ВИДЕО)
Полицейлер бейнебақылау камераларын зерделеу нәтижесінде күдіктілерді анықтап, ұстады
Қарағанды қаласында екі әйел 94 жастағы әжейді алдап, 1 млн теңгесін ұрлады деген күдікпен қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, күдіктілер өздерін әлеуметтік қызметкер ретінде таныстырып, зейнеткердің сеніміне кірген. Ескі ақшаны жаңасына ауыстыру қажет екенін айтып, үйде сақталған қаражаттың орнын біліп, 1 миллион теңгені жымқырған.
Полицейлер бейнебақылау камераларын зерделеу нәтижесінде күдіктілерді анықтап, ұстады. Олар Алматы қаласының 16 және 42 жастағы тұрғындары болып шықты.
«Аталған дерек бойынша «Алаяқтық» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілердің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр. Полиция азаматтарды бейтаныс адамдарды үйге кіргізбеуге, ақша сақталған орын туралы ақпарат бермеуге және күмәнді жағдайларда бірден «102»-ге хабарласуға шақырады», – делінген ПД хабарламасында.