Хантавирус індеті аяқталды – ДДСҰ мәлімдемесі

Автор: Аягөз Құрмаш

25 мамырдан бастап дерт тіркелмеген 

Фото: BBC

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы круиздік лайнерде орын алған хантавирус індетінің толық аяқталғанын жариялады. ДДСҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесустің мәлімдеуінше, «MV Hondius» кемесінің соңғы жолаушысы карантин мерзімін аяқтап, теріс нәтиже көрсеткеннен кейін үйіне қайтарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy BBC қызметіне сілтеме жасап.

Ресми мәлімет бойынша, биыл 25 мамырдан бері індетті жұқтырудың жаңа жағдайлары тіркелмеген. ДДСҰ басшысы бұл көрсеткіш індеттің толық ауыздықталғанын білдіретінін атап өтті.

Лайнердегі індет кезінде жалпы саны 13 адам вирус жұқтырып, оның үшеуі көз жұмған. Мамандар бұл жағдайға хантавирустың сирек кездесетін «Анд» штаммы себеп болғанын анықтады.

 «MV Hondius» круиздік кемесі 1 сәуірде Аргентинадан сапарға шыққан. Алғашқы науқас 11 сәуірде, кеме Аргентина мен Оңтүстік Африка Республикасы (ОАР) арасындағы мұхит айдынында жүріп бара жатқанда қайтыс болды. Кейіннен 26 сәуірде Йоханнесбург қаласында (ОАР) тағы бір жолаушы әйел көз жұмса, 2 мамырда кеме бортында үшінші адам тіл тартпай кетті.

Жағдай ушыққаннан кейін, 10 мамырда кеме Тенерифе портының маңына тоқтатылды. Оған дейін медициналық көрсеткіштер бойынша эвакуацияланбаған қалған жолаушылардың барлығы жағаға шығарылып, арнайы ұшақтармен өз елдеріне жөнелтілді.

ДДСҰ сарапшыларының зерттеуінше, вирусты алғаш жұқтырған екі азамат кемеге отырмас бұрын Аргентина, Чили және Уругвай елдерін аралаған. Олар құстарды бақылау мақсатында осы вирустың негізгі тасымалдаушысы саналатын егеуқұйрықтар мекендейтін аймақтарда болған көрінеді.

Денсаулық сақтау саласының мамандары бұл жолы хантавирус бір-бірімен тығыз байланыста болған адамдар арасында тікелей жұққан болуы мүмкін деген болжам жасап отыр.