Атырау облысында республикалық тасжолға ТЖМ ұшағы қонды (ВИДЕО)

Аталған учаскені дайындауда жол қызметтеріне ерекше міндет жүктелді

Атырау облысында республикалық тасжолға ТЖМ ұшағы қонды (ВИДЕО)
Фото: видеодан скриншот

Атырау облысындағы республикалық маңызы бар «Астрахань -Атырау -Доссор - Ақтөбе» автомобиль жолының учаскесінде ауқымды авиациялық оқу-жаттығу өтті. Төтенше жағдайлар министрлігі, жол қызметтері және басқа да мемлекеттік органдардың қатысуымен ұйымдастырылған бұл шара құтқару қызметтерінің әзірлігін пысықтауға бағытталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқу-жаттығудың негізгі кезеңі ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» авиациялық бөлімшесінің әуе кемесін республикалық автожолдың жүру бөлігіне қондыру болды. Бұл күрделі маневр автомобиль жолының тиісті дайындық жағдайында тек көлік қатынасына ғана емес, төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету алаңы ретінде де тиімді пайдаланылуы мүмкін екенін көрсетті.

Аталған учаскені дайындауда жол қызметтеріне ерекше міндет жүктелді. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мамандары алдын ала жол жабынының жай-күйін тексеріп, учаскенің оқу-жаттығуға дайындығын бағалады, сондай-ақ қажетті қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етіп, уәкілетті органдармен бірлесе отырып көлік қозғалысын ұйымдастырды.

Жолшылардың, ТЖМ қызметкерлерінің, полицияның, жергілікті атқарушы органдардың және авиация мамандарының үйлесімді жұмысының арқасында оқу-жаттығу штаттық режимде өтті. Әуе кемесі сәтті қонғаннан кейін экипаж ауыр халдегі науқасты шартты түрде эвакуациялау іс-қимылын орындады.

Бұл ауқымды тактикалық шараға төтенше жағдайлар министрлігінің 2 әуе кемесі мен 20-дан астам арнайы техникасы тартылды. Сонымен қатар оқу-жаттығу жұмыстарына төтенше жағдайлар департаменті, полиция, жергілікті атқарушы органдар, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мен авиация саласының шамамен 60 маманы бірлесе қатысты.

Өткізілген оқу-жаттығу сапалы әрі қауіпсіз автомобиль жолы жүргізушілер үшін жайлы қозғалыс қана емес, сонымен қатар құтқару операциялары, азаматтарды эвакуациялау және төтенше жағдайлардың салдарын жою кезінде пайдаланылатын мемлекеттік инфрақұрылымның маңызды элементі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Жол инфрақұрылымының стандарттан тыс және төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылға дайындығын арттыру бойынша жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек.