Екі жүргізуші де қаза тапқан
Тәжікстандағы Душанбе – Күләб – Хорог тасжолында жүк көлігі мен екі жеңіл автокөлік соқтығысып, салдарынан екі жүргізушіні қосқанда 11 адам мерт болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы республиканың ішкі істер министрлігі Telegram-арнасында хабарлады.
«Душанбе – Күләб – Хорог тасжолында 11 адам қаза тапты. Қайғылы оқиға 2 шілде күні таңертең жолдың 32-шақырымында, Вахдат қаласына қарасты Элок ауылының тұсында болды», - деп мәлімдеді ведомство.
Билік өкілдерінің мәліметінше, апат жергілікті уақытпен таңғы сағат 06:30 шамасында болған.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүк көлігінің жүргізушісі, Toyota Prado маркалы автокөлігінің жүргізушісі және жеңіл көліктердің салонында болған 9 жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Қазіргі уақытта қаза тапқан жолаушылардың аты-жөнін анықтау шаралары жүргізіліп жатыр», - делінген хабарламада.