Қазақстанда тағы бір 100 млн доллар инвестициялық жоба іске қосылады

Автор: Azattyq Rýhy

Мемлекет басшысы Anadolu Group холдингінің төрағасы Камиль Сулейман Языджиді қабылдады

Фото: Акорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Anadolu Group холдингінің төрағасы Камиль Сүлейман Языджиді қабылдады. Кездесуде инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені және жоғары қосылған құны бар өнім өндірісі салаларындағы жаңа жобаларды жүзеге асыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.

Кездесу барысында инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту және экономиканың түрлі секторындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Президент холдинг құрамына енетін Efes Kazakhstan және Coca-Cola Almaty Bottlers кәсіпорындары елімізде көптеген жылдар бойы табыс тауып, жұмыс орындарын құруға, инвестиция тартуға және салық түсімдерін ұлғайтуға үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

Камиль Сулейман Языджи Мемлекет басшысына компаниялар тобының Қазақстандағы жұмыс нәтижесі мен жаңа инвестициялық бастамаларды қолға алу перспективасы жөнінде мәлімет берді.

Атап айтқанда, Anadolu Group 30 жылда 1 миллиард долларға жуық инвестиция құйып, 10 мыңнан аса жұмыс орнын ашқан. Компанияның сусын өндірісі бойынша 5 зауыты бар, сондай-ақ Ақтөбе облысында 100 миллион доллар қаржы тартылған алтыншы кәсіпорнының құрылысы басталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның экономиканы әртараптандыру, өнеркәсіпті жаңғырту және қосылған құны жоғары өнім өндірісін дамыту бойынша дәйекті жұмыс жүргізіп келе жатқанына тоқталды.

Осы орайда Anadolu тобының Қазақстандағы қызмет аясын одан әрі кеңейтуге, соның ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі экспортқа бағдарланған, сондай-ақ инновацияларды енгізуге және орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған басқа да салалардағы жобаларды іске асыруға қызығушылық танытатыны жөнінде айтылды.