Оқиға орнына жедел түрде төтенше жағдайлар қызметі мен салалық мекемелердің мамандары жетті
Алматы облысының Қарасай ауданында «Aқсай карьері» ЖШС аумағында топырақтың опырылуына байланысты жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Қауіпсіздік мақсатында тоғыз жеке тұрғын үйдің тұрғындары уақытша эвакуацияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, бүгін, 2 шілде күні сағат 06:50 шамасында Жаңатұрмыс ауылындағы «Aқсай карьері» ЖШС аумағында Ақсай өзенінің жағалауын су шайып кетуі салдарынан карьердің солтүстік-батыс бөлігінде топырақ опырылған.
Оқиға орнына жедел түрде төтенше жағдайлар қызметі мен салалық мекемелердің мамандары жетті. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында карьерге жақын орналасқан тоғыз жеке тұрғын үйдің тұрғындары уақытша қауіпсіз жерге көшірілді.
Қазіргі уақытта мамандар аумақты тексеріп, топырақты тұрақтандыруға және қауіпті жағдайдың одан әрі ушығуына жол бермеуге бағытталған инженерлік жұмыстарды жүргізіп жатыр.
Салдарын жою жұмысына 19 қызметкер мен 14 арнайы техника жұмылдырылды. Сонымен қатар жергілікті тұрғындарға түсіндіру жүргізіліп, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылданып жатыр.
Оқиғаға байланысты Қарасай ауданында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланды. Әкімдіктің мәліметінше, бұл режим қажетті инженерлік-қалпына келтіру жұмысын жедел ұйымдастыруға және жұмылдырылған барлық қызметтің іс-қимылын үйлестіруге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге Алматы облысының өзге аудандарындағы жағдай тұрақты екені атап өтілді. Апат салдарын жою және қалпына келтіру барысы Алматы облысының әкімі мен тиісті мемлекеттік органдардың ерекше бақылауында.