Полиция қызметкері қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапты
Бүгін Түркістан қаласында қызметтік міндетін атқару барысында қалалық Полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының аға инспекторы полиция капитаны Бауыржан Қонысбеков қайғылы жағдайда қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, алдын ала түскен мәліметтерге сәйкес, патрульдік полиция экипажы жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып өз әрекетімен жол қозғалысының өзге де қатысушыларына қауіп төндірген жеңіл автокөлік жүргізушісін тоқтатуға бағытталған болатын.
Алайда Саттарханов даңғылы мен Тараз көшесінің қиылысында патрульдік полицияның «Chevrolet Cobalt» қызметтік автокөлігімен полиция қызметкері Бауыржан Қонысбеков жол-көлік оқиғасына ұшырады. Ол апат кезінде алған ауыр жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.
«Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу және жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеп-тексеру қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады», – делінген ПД-ның агенттік тілшісіне берген түсініктемесінде.
Ведомство мәліметінше, полиция капитаны Бауыржан Қонысбеков антқа адал болып, қызметтік борышын соңына дейін абыроймен атқарды.
«Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Түркістан облысы Полиция департаменті және ішкі істер органдарының жеке құрамы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Бауыржан Қонысбековтің жарқын бейнесі әріптестерінің жүрегінде мәңгі сақталады», – делінген хабарламада.