Ғалымдар суы бар жердің бәрінде тіршілік белгісі болады деген қағиданың күмәнсіз ақиқат емес екенін дәлелдеді
Франциядағы Париж-Сюд университетінің ғалымдары эфиопиялық Даллол алқабында қандай да бір бактерияның болуы мүмкін екенін жоққа шығарды. Осылайша, олар ғаламшардағы суы бар жердің бәрінде тіршілік белгісі болады деген қағиданың күмәнсіз ақиқат емес екенін дәлелдеді, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Біз өз зерттеулеріміз арқылы Жер бетінде су болса да мүлдем тіршілік нышаны жоқ жерлердің болатынын дәлелдей алдық», – деп мәлімдейді ғалымдар Nature Ecology & Evolution журналында.
Олар аталмыш алқаптағы судың құрамында аса ыстық (Цельсий бойынша 109 градусқа дейін жететін), тым қышқыл әрі магнийі көп тұзды ерітінді бар екенін анықтады. Судың мұндай құрамы барлық тірі жасушаларды жойып жібереді.
Даллол алқабында ауа температурасы 1960-66 жылдар арасында қатты өзгеріп, біртіндеп қысы-жазы 35 °С-ден төмендемейтін ыстық әрі құрғақ климатты аймаққа айналған. Эфиопияның ең қызықты әрі көрнекті жері саналатын бұл аумақта осыдан 50 жыл бұрын ірі елдімекен де болған еді. Кен рудасымен айналысқан Даллол қаласының бүгінде тек орны ғана қалған.