Алматыда көшелердің біріне Денис Теннің есімі берілді

Автор: Асыл Арман

Алматыда 150-ден астам көшеге жаңа атау берілді

Фото: @denisten_academy

Алматыда атауы жоқ ондаған көшеге жаңа атау берілді. Солардың бірі 2018 жылы қаза тапқан қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің есімімен аталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тиісті қаулыға Алматы қаласының әкімдігі қол қойды. Құжатқа сәйкес, Алатау, Әуезов, Бостандық, Жетісу, Медеу, Наурызбай және Түрксіб аудандарындағы 150-ден астам көшеге жаңа атау берілді.

Жаңа атаулар қатарында Денис Тен, Амантай Байтанаев, Хо Ши Мин, Наталья Сац, Қайым Мұхамедханов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Мұзафар Әлімбаев, Смайыл Өтегенов, Мауытхан Сыдықов, Бекеш Мадалиев, Анатолий Храпатый және басқа да белгілі тұлғалардың есімдері бар.

Денис Тен атындағы көше Бостандық ауданындағы «Архат» шағынауданында орналасқан.

Сонымен қатар қалада Шаңқобыз, Ақсарай, Жаңаөзен, Ақтау, Үшарал, Бозжыра, Ерейментау және т.б. атауы берілген көшелер пайда болды.

Қаулы ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді. Көшелердің жаңа атаулары мен олардың орналасқан жерлерінің толық тізімі құжат мәтінінде көрсетілген.