Қандыағашта тойдан кейін 188 адамның улануы: мейрамхана тиісті рұқсатсыз жұмыс істеген

Автор: Асыл Арман

Ғимараттың санитариялық жағдайы, азық-түлікті сақтау тәртібі сақталмаған

Фото: istockphoto.com

Қандыағашта 188 адам жаппай уланған «Тұмар» мейрамханасы міндетті санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс істегені анықталды. Бұл туралы Астанада өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Сархат Бейсенова мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, тексеру барысында санитариялық талаптардың өрескел бұзылғаны анықталған. Атап айтқанда, қоғамдық тамақтану орны рұқсат құжатынсыз жұмыс істеген. Сонымен қатар ғимараттың санитариялық жағдайы, азық-түлікті сақтау тәртібі, тағам дайындаудың технологиялық процесі және қызметкерлердің жеке бас гигиенасы талаптары сақталмаған.

Бұдан бөлек, мейрамхана қызметкерлері міндетті медициналық тексеруден өтпеген және олардың медициналық кітапшалары болмаған.

Зертханалық сараптама нәтижесінде тағам үлгілері мен қызметкерлерден алынған шайынды сынамалардан ішек инфекциясының қоздырғыштары анықталды.

Ішек инфекциясының белгілері бар алғашқы науқастар 19 маусым күні Мұғалжар аудандық ауруханасына түсе бастаған. Олардың барлығы «Тұмар» мейрамханасында өткен тойлар мен ас беру рәсімдеріне қатысқан.

Ресми мәліметке сәйкес, жаппай уланудан барлығы 188 адам, оның ішінде 14 жасқа дейінгі 15 бала зардап шекті.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта ауруханаларда 13 науқас ем қабылдап жатыр. Оның 12-сі Мұғалжар аудандық ауруханасында, ал бір науқас облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында емделуде.

Айта кетейік, 19 маусым күні «Тұмар» мейрамханасында өткен тойдан кейін ауруханаға жатқызылғандар саны күрт артқан болатын. 23 маусымға қарай медициналық мекемелерге 113 адам жеткізілді. Ал оған дейінгі күні ауруханада 102 адам, оның ішінде 14 бала болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 34 адамға сальмонеллез диагнозы қойылған.

Оқиғадан кейін мейрамхана жабылды. Жаппай улану дерегі бойынша полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабы – «Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.