Ата Заңдағы жаңа бап: адвокатура мәртебесінің өзгеруі азаматтарға не береді

Автор: Аягөз Құрмаш

1 шілдеде жаңа Конституция күшіне енді

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Қазақстанда соңғы отыз жыл ішінде алғаш рет адвокатура институтының мәртебесі Конституция деңгейінде жеке баппен бекітілді. Бұл реформа құқық қорғау саласы мен сот жүйесі үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін тарихи қадам болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Елдегі саяси жүйені жаңғыртуды мақсат еткен президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жаңа Конституция жобасы әзірленіп, құқық қорғау саласында үлкен реформаларға жол ашылды. Мемлекет басшысы ұсынған бұл тарихи бетбұрыстың өзегінде адвокатура мәртебесін Ата Заң деңгейіне көтеру мәселесі де тұр. Президенттің бұл бастамасы қоғам мен мемлекет арасындағы құқықтық қатынастарды жаңа мазмұнмен толықтырмақ.

Адвокатура мәртебесінің конституциялық деңгейде шегеленуі – бұл институтты жай ғана кәсіби бірлестік емес, мемлекеттің құқық қорғау архитектурасының ажырамас бөлігі ретінде заңдастыру. Бұған дейін адвокаттардың қызметі тек салалық заңнама аясында қалып, олардың құқықтық табиғаты мен мемлекеттегі рөлі Бас заңда айқын көрініс таппаған еді. Жаңа өзгеріс адвокатураның мемлекеттік органдармен тең құқықтық деңгейде әрекет етуіне құқықтық негіз қалайды. Ең бастысы, бұл реформа адвокат тәуелсіздігін конституциялық тұрғыдан бекітіп, азаматтардың заңды мүддесін қорғау тетігін іс жүзінде күшейтеді.

Негізгі мақсат – азаматтардың сот арқылы қорғану және білікті заң көмегін алу құқығын институционалдық тұрғыдан нығайту.

Құқықтық жүйеде конституциялық статус – белгілі бір институттың қызметі тек салалық заңдармен ғана емес, елдің Ата Заңымен айқындалуы. Бұл адвокатураның мемлекеттік құрылымның тұрақты әрі мызғымас элементі ретінде танылуын білдіреді.

Бұл мәртебенің құқықтық маңызы бірнеше фактормен айқындалады:

  • Жоғары қорғаныс деңгейі: Конституциялық деңгейдегі институт кез келген қарапайым заңнан жоғары тұрады және заң шығарушы органдар тарапынан жоғары деңгейде қорғалады.
  • Тұрақтылық: Адвокатураның қызметі мен негізгі қағидаттары саяси конъюнктураға немесе кездейсоқ, уақытша заңдық өзгерістерге ұшырамайды.
  • Дербестік: Құқықтық жүйеде тепе-теңдікті сақтайтын дербес, тәуелсіз субъект ретінде танылады.

Адвокатураның конституциялық мәртебе алуы – бұл формальдылық емес, мазмұндық тұрғыдан сапаның артуы. Бұл норма адвокатты жай ғана процеске қатысушы қорғаушы емес, құқықтық мемлекет негізін қалайтын дербес конституциялық фигура ретінде бекітеді. Сонымен қатар, бұл қадам мемлекет пен жеке тұлға арасындағы құқықтық теңдікті күшейтіп, әділдік балансын сақтаудың басты кепілі болмақ.

Бұл реформа құқықтық жүйеге екі үлкен өзгеріс әкеледі:

  1. Адвокатура құқықтық жүйенің шетінде тұрған формалды элемент емес, мемлекеттің негізгі әрі тұрақты институттарының біріне айналады.
  2. Мемлекет тарапынан кепілдік берілген заң көмегін көрсету жай ғана қызмет түрі емес, конституциялық маңызы бар функция ретінде айқындалады.

Бұл ретте азаматтарға ешқандай қосымша міндеттер немесе жаңа ауыртпалықтар жүктелмейді. Керісінше, олардың бұрыннан бар құқықтарын іске асыру тетігі жүйеленеді. Мысалы, азамат әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылған сәтте, оның мүддесін қорғайтын адвокат мемлекеттік органдармен, соның ішінде прокуратурамен және тергеумен тең дәрежеде («тараптардың теңдігі» принципі бойынша) әрекет ете алады.

Бұл нормада қорғау құқығы тек Қазақстан паспорты бар тұлғалармен шектелмейді. Конституциядағы бұл бап универсалды сипатқа ие. Саяси құқықтар (мысалы, сайлау құқығы) тек ел азаматтарына ғана тән болса, сотта қорғалу және адвокат көмегіне жүгіну құқығы Қазақстан аумағында жүрген кез келген тұлғаға – шетелдіктерге де, азаматтығы жоқ адамдарға да бірдей қолданылады. Бұл қорғау институтын тар шеңберден шығарып, жалпы адамзаттық құқықтық өлшемге көтереді.

Конституциядағы бұл норма тікелей қолданылатын күшке ие болады. Егер алда-жалда адвокаттың тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін немесе қорғау құқығын шектейтін шешімдер қабылданатын болса, сот немесе кез келген өзге орган осы конституциялық бапқа тікелей сүйенуге міндетті.

Ең бастысы, бұл өзгеріс соттардың қорғау институтына деген көзқарасын түбегейлі өзгертуі тиіс. Сот кез келген процесте адвокаттың қатысуын, оның дәлелдер ұсынуын немесе өтініш білдіруін формалды талап емес, конституциялық кепілдік ретінде бағалайды. Реформа сот жүйесін бір күнде өзгертпесе де, сот әділдігін бағалау стандартын күшейтеді, қорғау механизмін тұрақты әрі сенімді етіп, сот шешімдерінің сапасын арттыруға негіз қалайды.

Адвокатура институты – мемлекеттегі заң үстемдігінің басты өлшемі. Сол себепті, жаңа Конституция аясында адвокаттарға нақты кепілдіктер беріліп, олардың тәуелсіздігі мен кәсіби еркіндігі заңмен бекітілсе, мұны жеке бір кәсіптің мәртебесі өсті деп түсінбеу керек. Бұл – ең алдымен, өз елінде заңды түрде қорғана алатын әрбір Қазақстан азаматының ортақ жеңісі.