Тоқаев Парламент депутаттарының еңбегін де ескерді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңызын атап өтті. Мемлекет басшысы алдағы Ұлттық домбыра күні қарсаңында домбыраның қазақтың болмысын айқындайтын басты құндылықтардың бірі екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президенттің айтуынша, елдің жаңашылдыққа ұмтылысы ұлттық құндылықтар мен тарихи мұраға сүйенгенде ғана нәтижелі болады.
«Қашан да жаңашылдыққа ұмтылатын жасампаз ел болу үшін біз ең алдымен мызғымас құндылықтарымызға, бай тарихымыз бен мәдени мұрамызға арқа сүйеуіміз қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бірнеше күннен кейін елімізде Ұлттық домбыра күні атап өтілетінін еске салды.
«Бірнеше күннен кейін бәріміз бір ел болып «Ұлттық домбыра күнін» атап өтеміз. Бұл – болмысымызды айшықтайтын, жұртымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың рухын көтеретін айрықша мереке. Көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ – домбыра» деп жырлауы тегін емес», – деді президент.
Оның айтуынша, домбыра ұлттық өнерді дәріптейтін ғана емес, Қазақстанды әлемге танытатын мәдени символға айналуы тиіс.
«Расында, домбыраны ұлықтау арқылы біз төл өнерімізді төрге оздырамыз. Домбыра қастерлі құндылығымыз ретінде ұлтымызды әлемге танытатын бірегей брендке айналуы керек», – деді мемлекет басшысы.
Президент руханият саласын дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала беретінін айтып, бұл іске Парламент депутаттарының да үлес қосқанын атап өтті.
«Жалпы, мемлекет руханият саласын дамытуға әрдайым баса назар аударып келеді. Бұл тағылымды іске депутаттар корпусы – сіздер де зор үлес қостыңыздар. Әрине, сіздер атқарған ауқымды жұмыстың мән-маңызын бір ғана жиынның аясында жеткізу мүмкін емес», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.