Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдыруымыз керек
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында мемлекеттік қаражат ең алдымен елдің ұзақмерзімді дамуына қызмет ететін инфрақұрылымдық жобаларға жұмсалуы тиіс екенін айтты. Мемлекет басшысы Қазақстанды ауқымды құрылыс алаңына айналдыру қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президенттің айтуынша, Үкімет алдында көлік-логистика және энергетика инфрақұрылымын қарқынды дамыту міндеті тұр.
«Осындай нақты шараларды қабылдау арқылы Қазақстан аймақтағы сенімді энергетика донорына айналмақ. Сондай-ақ еліміз алдағы уақытта аймақтағы жетекші көлік-логистика торабы ретінде жоғары қарқынмен дамитын болады. Бұл – Үкімет алдында тұрған айрықша маңызды міндет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы елде кең ауқымды құрылыс жұмысын жүргізудің маңызын ерекше атап өтті.
«Жалпы, біздің алдымызда аса маңызды, өте жауапты және шұғыл міндет бар: бұл – кең ауқымды құрылыс жүргізу. Елімізде неғұрлым құрылыс көп болса, Қазақстан да соғұрлым өркендей береді. Ең алдымен, бұл – негізгі инфрақұрылымға қатысты мақсат. Біз теміржолдарды, автожолдарды, әуежайларды, вокзалдарды, сумен қамтамасыз ететін ірі құрылғыларды, өндіріс және өнім кәсіпорындарын, қала ғимараттарын және тағы басқа нысандарды жоғары қарқынмен салуымыз керек», – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев қаражаттың уақыт өте құнсызданатынын айтып, оны тиімді пайдалану қажеттігін жеткізді.
«Қаражат деген уақытша дүние, оның құны жыл сайын төмендеп бара жатыр, ал оны тиімді пайдалану – нақты нәтижелерге қол жеткізу, тиісті нысандарды өскелең ұрпақтарға аманат етіп қалдыру деген сөз. Әлеуметтік мемлекет боламыз деп, қаражатты талан-таражға салуға болмайды. Осындай қысқа, шолақ ойлы саясатты біздің ұрпақтарымыз түсінбейді де, кешірмейді де. Басқа сөзбен айтқанда, Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдыруымыз керек», – деді мемлекет басшысы.