«Күшті президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» деген базалық формуласы толыққанды институционалдық мәнге ие
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс пен Сенат депутаттарына шынайы ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекет басшысы депутаттық корпустың парламенттік реформаны толық қолдағанын ерекше атап өтті.
«Жалпы, депутаттық корпус парламенттік реформаны толық қолдады. Сол арқылы саяси және азаматтық жауапкершілік танытып, ұлт мүддесі бәрінен биік тұратынын бүкіл әлемге паш етті», – деді ол.
Президенттің айтуынша, Конституциялық комиссия құрамында жұмыс істеген депутаттар өңірлерді аралап, азаматтарға жаңа Конституцияның мәні мен мазмұнын кеңінен түсіндірген.
Сондай-ақ мемлекет басшысы референдумнан кейін заңнаманы жаңа Конституция талаптарына сәйкестендіру жұмысы қысқа мерзімде атқарылғанын айтты.
«Сіздер жалпыхалықтық референдумда Ата заңымыз қабылданған соң мемлекетіміздің құқықтық жүйесін жедел әрі сапалы жаңарту жұмысын жүргіздіңіздер. Өте қысқа мерзімде еліміздің заңнамасын жаңа Конституция нормаларына сай өзгерту жұмысын атқардыңыздар. Атап айтқанда, Парламент 9 заң топтамасын, оның ішінде 6 конституциялық заңды шұғыл әзірлеп, қабылдады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол атағандай, нәтижесінде мемлекеттік биліктің «Күшті президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» деген базалық формуласы толыққанды институционалдық мәнге ие боды.
«Жаңарған билік тармақтарының теңгерімді жүйесінде Президент Тәуелсіздік пен мемлекет тұтастығының символы, Конституцияны және азаматтардың заңды құқықтары мен бостандықтарын сақтаудың кепілі ретінде бұрынғыдай басты рөл атқарады. Қазақстан президенттік республика болып қала береді. Мұны түсіну, ескеру өте маңызды. Яғни президент – мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы, Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы, барлық құқық қорғау органдарының басшыларын тағайындайды, елдің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды, Қазақстан атынан халықаралық аренада өкілдік етеді. Сонымен қатар жаңғырту жұмысы парламенттік жүйені одан әрі трансформациялау тетіктерін де қарастырады. Құрылтайдың алдында барлық бюрократиялық рәсім түріндегі кедергілерді жою, заң шығару ісінің жеделдігі мен сапасын арттыру, білікті сарапшылардың және консультанттардың қызметін тиімді ұйымдастыру міндеті тұр», – деді мемлекет басшысы.
Ол атағандай, жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде Құрылтайға ұлттық заңнаманы тез өзгеріп жатқан цифрлық матрица жағдайына шұғыл бейімдеу үшін қарқынды жұмыс істеуге тура келеді.
«Бұл – өте маңызды. Қазақстанның жаһандық бәсекеге қаншалықты дайын екені осыдан көрінеді», – деді ол.