Сарыағаштағы мұқтаж жандарға арналған орталықтарда миллиондаған теңге жымқырылған

Автор: Асыл Арман

Прокуратура бюджет қаражатының жымқырылғанын анықтады

Фото: istockphoto.com

Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы мұқтаж жандарға арналған орталықтарда миллиондаған теңге жымқырылғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сарыағаш ауданының прокуратурасы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Аялы алақан» және «Қамқор» әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары коммуналдық мемлекеттік мекемелерінде бюджет қаражатының мақсатты әрі заңды жұмсалуына талдау жүргізді.

Талдау барысында мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша іс жүзінде жеткізілмеген тауарлар мен орындалмаған қызметтер үшін бюджет қаражатының аударылғаны анықталды.

Атап айтқанда, мекеменің лауазымды тұлғалары жеке кәсіпкерлермен келісіп, нақты жеткізілмеген тауарлар мен көрсетілмеген қызметтерді қабылдау актілеріне қол қою арқылы бюджет қаражатын негізсіз аударған.

«Прокуратураның бастамасымен тағайындалған сот-бухгалтерлік сараптама қорытындысына сәйкес мемлекетке келтірілген материалдық залал көлемі 13,3 млн теңгені құрады. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабының 3-бөлігімен (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген прокуратура хабарламасында.