Бір палаталы модель заң шығарушылардың жауапкершілігін арттырады
Жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін заң шығару процесі жеделдейді. Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның айтуынша, бір палаталы Құрылтай заң жобаларын қарау мерзімін қысқартып, депутаттық бастамалардың рөлін күшейтеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда заң жобасын әзірлеу мен қабылдау бірнеше жылға созылатын күрделі рәсім болып отыр.
«Егер президент қандай да бір заң әзірлеуді тапсырса, алдымен үкімет ішіндегі келісу рәсімдері, сараптамалар мен басқа да процестердің өзі бір жылға дейін созылады. Одан кейін заң жобасы Парламентке келеді. Егер бұл ауқымды заң болса, оның Мәжілісте қаралуының өзі шамамен бір жыл уақыт алады. Кейін Сенатта тағы жеті-сегіз ай қаралады. Соның нәтижесінде нөлден әзірленген заңның толық қабылдануына екі жарым-үш жылға жуық уақыт кетеді», – деді Айдос Сарым Парламент палаталарының бірлескен отырысының кулуарында.
Оның пікірінше, жаңа парламенттік модель бұл мерзімдерді қысқартуға мүмкіндік береді. Бұған депутаттық бастамалардың артуы да ықпал етеді.
«Қазір Мәжілісте қабылданған заңдардың үштен бірі – депутаттардың бастамасымен әзірленген заңдар. Үкімет те, мемлекеттік аппарат та депутаттардың бастамасымен әзірленген заңдардың жылдамырақ өтетінін түсінеді. Себебі депутаттардың өз мүмкіндіктері, Парламент ішіндегі рәсімдері бар. Сондықтан біз заңдарды жедел қабылдап, қажет болған жағдайда жіберілген қателіктерді тез түзетуге мүмкіндік беретін кезеңге қадам басып отырмыз. Осы тұрғыдан алғанда, бір палаталы Құрылтайдың уақыт жағынан артықшылығы болады», – деді депутат.
Сонымен бірге ол бір палаталы модель заң шығарушылардың жауапкершілігін де арттыратынын айтты.
«Жауапкершілік айтарлықтай күшейеді. Кейбір заңдар бойынша үш оқылым сақталады, комитеттердің рөлі де арта түседі. Сенаттың да өз артықшылықтары болды. Ол жерде заң жобаларын қайта қарап, қоғамдағы пікірді ескеруге мүмкіндік болатын. Енді бұл жауапкершілік толығымен Құрылтай депутаттарына жүктеледі», – деді Айдос Сарым.
Депутаттың айтуынша, жаңа Конституцияның талаптарына сай заңнаманы жүйелеу алдағы кезеңдегі басты міндеттердің бірі болады.
«Алдағы бір жарым жылдың ішінде барлық кодекстерді, әсіресе қылмыстық және қылмыстық-процестік кодекстерді қайта қарап, жаңа Конституцияның рухына сәйкестендіру қажет. Бұл өте ауқымды әрі күрделі жұмыс болады», – деп түйіндеді Мәжіліс депутаты.