Жалпы резерв көлемі 1,1 млн тоннадан асады
Елімізде жанар-жағармай материалдарының тапшылығының туындау қаупі жоқ. Энергетика министрлігі Қазақстанның жанар-жағармай материалдары нарығындағы жағдайға қатысты түсіндірме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство мәліметінше, ішкі нарықта жазғы және туристік маусым кезеңінде тұтынушыларды тұрақты әрі үздіксіз қамтамасыз етуге жеткілікті көлемде мұнай өнімдерінің қоры қалыптастырылған.
Жалпы резерв көлемі 1,1 млн тоннадан асады. Оның ішінде АИ-92 және АИ-95 маркалы автомобиль бензині, сондай-ақ дизель отынының жеткілікті қоры бар. Аталған қорлар тұрақты негізде сақталып, мұнай өңдеу зауыттарының ағымдағы өндірісі есебінен үнемі толықтырылып отырады.
«Осыған дейін енгізілген мемлекеттік реттеу шаралары өз күшінде қалып отыр. Атап айтқанда, биыл 21 қарашаға дейін мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль және теміржол көлігімен экспорттауға уақытша шектеу енгізілген. Сонымен қатар, автокөлік құралдарының мемлекеттік шекараны тәулігіне бір реттен артық кесіп өтуіне шектеу қойылған. 20 маусымнан бастап өткізу пунктерінде бақылау күшейтілді. Бұл жұмысқа Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, Мемлекеттік кірістер комитеті және Қаржылық мониторинг агенттігінің бөлімшелері тартылған», – дейді министрдің кеңесшісі – Энергетика министрлігінің ресми өкілі Әсел Серікпаева.
Оның айтуынша, ел ішінде де жағдай Үкімет пен уәкілетті мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында. Әкімдіктер жанынан жетекшілік ететін әкім орынбасарларының басшылығымен және кәсіпкерлік басқармаларының қатысуымен өңірлік штабтар жұмыс істейді. Жергілікті жерлердегі негізгі жұмысты Мемлекеттік кірістер департаменттері, Қаржылық мониторинг агенттігінің Экономикалық тергеп-тексеру департаменттері және Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменттері жүргізуде. Қазіргі уақытта олар күшейтілген мақсатты тексерулер жүргізіп, жанармай құю станцияларындағы отын қорына мониторинг жасап, жанар-жағармайдың заңсыз әкетілуінің жолын кесу және өнімді өткізушілер тарапынан болуы мүмкін негізсіз әрекеттерге жедел ден қою жұмыстарын жүзеге асыруда.
Сонымен қатар, Қазақстанда автомобиль отынының бөлшек саудадағы бағалары мемлекет тарапынан реттелмейтінін және тек нарықтық қағидаттар негізінде қалыптасатынын атап өткен жөн.