Астанада полицейдің формасын заңсыз киіп алған блогер жауапқа тартылды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Заң бұзушылық әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықталған

Фото: Видеодан скрин

Астанада полиция қызметкерлері тәртіп сақшысының қызметтік формасын заңсыз киіп, әлеуметтік желіде құқық қорғау органдарының қызметін қаралайтын бейнеролик жариялаған блогерді анықтады. Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік материалдар рәсімделіп, сотқа жолданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Заң бұзушылық әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықталған.

Астана қаласы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тексеру барысында 30 жастағы азамат анықталып, полиция бөліміне жеткізілген.

«Аталған факті бойынша ол арнайы нысанды киімнің айырым белгілері бар форманы заңсыз кигені, сондай-ақ заңға қайшы контент жариялап, таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – делінген ведомство хабарламасында.

Әкімшілік іс материалдары қарау үшін сотқа жолданды.

Полиция департаменті құқық қорғау органдарының қызметтік формасы мен рәміздерін заңсыз пайдалануға, сондай-ақ азаматтарды жаңылыстыратын немесе полиция қызметкерлерінің беделіне нұқсан келтіретін материалдарды таратуға қатысты кез келген әрекет Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық баға берілетінін ескертті.

Айта кетейік, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы – мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықтық тетіктерді нығайтуға, құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыруға және заңды қатаң сақтау ұлттық құндылыққа айналған қоғам құруға бағытталған негізгі саяси бастамаларының бірі.