Дегенмен соңғы 6 жылда елімізде витилигомен ауыру көрсеткіші шамамен 1,2 есеге азайды
Қазақстан тері ауруларын емдеуде Орталық Азия бойынша көшбасшылық орынға шықты. Ақтөбе қаласында өткен XIX Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында отандық және шетелдік 280-нен астам ғалым мен дәрігер бас қосып, медицинадағы соны жаңалықтарды талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс-шара үздіксіз медициналық білім беру бағдарламасы аясында өтіп, Дүниежүзілік витилиго күніне орайластырылды. Оған Қазақстанның барлық өңірінен, сондай-ақ Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан елдерінен 280-нен астам маман, ғалым және жас дәрігер қатысты.
Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының мамандары Витилиго және тері денсаулығы орталығымен бірлесе отырып, витилигоны емдеуде эпидермалды жасушаларды трансплантациялау әдісін қолдану бойынша Орталық Азиядағы көшбасшыларға айналды. Пациенттің өз терісін трансплантациялауға негізделген мұндай ота бүгінде әлемдегі ең тиімді емдеу әдістерінің бірі саналады.
«Осы және басқа да озық әдістердің арқасында соңғы алты жылда Қазақстанда витилигомен ауыру көрсеткіші шамамен 1,2 есеге төмендеді. Еліміздегі басқа да тері аурулары бойынша жағдайды жақсарту мақсатында, ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне сәйкес, биылғы жылы алты клиникалық хаттаманы, соның ішінде мерез, псориаз, қышыма аурулары бойынша жаңарту дайындалуда», – делінген ҚДИАҒО хабарламасында.
Айта кетейік, витилиго – бет пен денеде түссіз дақтар түрінде көрінетін созылмалы аутоиммунды тері ауруы. Бұл аурумен әлем халқының шамамен 1%-ы ауырады. Ауру өмірге қауіп төндірмейді және физикалық зияны жоқ, бірақ пациенттердің психоэмоционалдық жағдайына жиі қатты әсер етеді. Ауру кез келген жаста дамуы мүмкін, бірақ көбінесе 20 жасқа дейін басталады. Жыл сайын еліміздің дерматология мекемелеріне осы диагнозбен 15 мыңнан астам пациент жүгінеді.