Шетелден зерттеп келген: Алматы облысында VIP-клиенттерге есірткі сатқан қылмыстық топ ұсталды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Басты күдікті каннабис тобына жататын есірткілерді өсіру технологиясын ұзақ уақыттан бері жан-жақты зерттеп келген

Фото: ІІМ/Видеодан скрин

Шетелден тәжірибе жинап келіп, Алматы облысында VIP-клиенттерге есірткі сатқан топ қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ІІМ мәліметінше, қылмыстық топ есірткісі бар өсімдіктерді жасырын өсіруден бастап дайын өнімді VIP-санаттағы клиенттерге өткізуге дейінгі барлық кезеңді ұйымдастырған. Жойылған фитозертхана автоматтандырылған желдету жүйесімен, температураны, жарықтандыруды және суаруды бақылайтын датчиктермен жабдықталған. Онда жыл бойы құрамында есірткісі бар өсімдіктердің жоғары концентрациялы сұрыптары өсірілген.

Жасырын жеке кіреберісі бар жертөлені тінту барысында 29 түп қарасора, 27 кг дайын өнім, өсіруге арналған заманауи жабдық, электрондық ақпарат жеткізгіштер, байланыс құралдары, қылмыстық жолмен алынған үш миллион теңге көлеміндегі қаражат, сондай-ақ оқ-дәрілері бар тіркелмеген қару тәркіленді.

Аталған фитозертхананың ұйымдастырушысы – 40 жастағы ер адам ұзақ уақыт бойы каннабис тобына жататын есірткілерді өсіру технологиясын жан-жақты зерттеп, жер телімінде ауданы 100 шаршы метрден асатын арнайы салынған жеке ғимаратта жасырын өндірісті кеңейтуді жоспарлаған. Осы мақсатта ол алыс шет мемлекеттерге арнайы барып, сала мамандарынан кеңес алған, каннабистің элиталық сұрыптарын өсіруге арналған арнайы жабдықтарға тапсырыс берген, заманауи технологияларды енгізіп, құрамында есірткісі бар жоғары концентрациялы шикізатты каннабиноидтық экстрактілерге, яғни гашиш майына қайта өңдеу тәсілдерін жетілдірген.

Жедел-тергеу іс-шаралары барысында оның қылмыстық байланысы анықталып, бұрын аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бірнеше рет сотталған 45 жастағы ер адам ұсталды. Оның гаражын тінту кезінде скотчпен оралған 4 кг гашиш, сондай-ақ бөлшектеп буып-түйілген есірткі өнімдері, zip-пакеттер және есірткі тұтынуға арналған құралдар тәркіленді. Қылмыстық істің қатысушыларын, жабдықтар мен тұқымдық материалдарды жеткізу арналарын, сондай-ақ өзге де заңсыз әрекеттерді анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

«Іс бойынша ұсталған күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық жолмен сатып алынған жылжымайтын мүлікке, қымбат автокөліктерге тергеп-тексеру аясында тыйым салынды. Есірткіні заңсыз өндіру мен дайындау фактілерінің жолын кесу бағытындағы жұмыс жалғасатын болады», – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.