Уақытша шектеу инженерлік желілерді көшіру жұмыстарына байланысты енгізіледі
Алматыда Жуалы көшесінің бір бөлігінде көлік қозғалысы бір айға жуық уақытқа шектеледі. Өзгеріс Төле би көшесін қала шекарасына дейін ұзарту жобасын іске асыруға байланысты енгізіліп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Almaty Joly-ға сілтеме жасап.
29 маусым күні сағат 08:00-ден 29 шілде күні сағат 08:00-ге дейін Жуалы көшесінің Төле би көшесінен Райымбек батыр даңғылына дейінгі бөлігінде қозғалыс толық жабылады. Уақытша шектеу инженерлік желілерді қайта орналастыру жұмыстарына байланысты енгізіледі.
Айналма жол Байкен Әшімов, Жуманязов көшелері арқылы және одан әрі Төле би көшесімен ұйымдастырылады.
Жөндеу жүргізілетін аумаққа ескерту жол белгілері мен мердігер ұйым басшысының байланыс деректері көрсетілген ақпараттық тақталар орнатылады. Жүргізушілерден бағыттарын алдын ала жоспарлау сұралады.
Уақытша жол шектеулері туралы ақпарат AlmatyJoly Telegram-арнасында, Алматы әкімдігінің әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларында, сондай-ақ 2GIS және «Яндекс Карталар» сервистерінде жарияланып отырады.