Жол апаты салдарынан бірнеше адам зардап шекті
Алматының Алма-Арасан шатқалында «Toyota RAV4» және «Hyundai Accent» автокөліктерінің қатысуымен ірі жол апаты болды. Жол апаты салдарынан бірнеше адам зардап шекті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алдын ала мәліметтер бойынша, бойжеткен тізгіндеген «Toyota RAV4» автокөлігі оңтүстік бағытта қозғалып бара жатқан. Дәл осы уақытта оған қарсы бағытта, яғни солтүстікке қарай «Hyundai Accent» көлігі келе жатады. Әзірге белгісіз себептермен «Hyundai» қарсы бағытқа шығып кетіп, «Toyota» көлігімен бетпе-бет соқтығысқан.
Қатты соққыдан кейін «Toyota» жол жиегіне ұшып кетсе, «Hyundai» шатырымен аударылып, жолдан шығып кеткен. Көлік аударылған күйі жол шетіндегі ағашқа және газ құбырының тірегіне соғылып барып тоқтады. Апат салдарынан «Toyota» жүргізушісі мен қос көліктің ішінде болған жолаушылар түрлі жарақаттар алды.
Оқиға болған сәтте «Hyundai» тізгінінде нақты кімнің отырғаны әлі белгісіз.Куәгерлер мен апатқа қатысушылардың айтуынша, аталған көліктің ішінде болған азаматтар полицияға қарама-қайшы мәліметтер беріп, жауапкершіліктен қашқан. Олар көлік тізгінінде өздері емес, басқа адам отырғанын айтып, кінәні бір-біріне ысырумен болған. Жүргізушінің аты-жөнін нақты анықтау үшін оқиға орнына арнайы криминалист шақырылды. Қазіргі уақытта апаттың барлық мән-жайы тексеріліп жатыр.