Мамандар инфрақұрылым нысандары мен автожолдарға тексеру жүргізіп, жағдайды бақылауға алды
27 маусым күні кешке Ауғанстан аумағында болған және Қазақстанның оңтүстігінде сезілген жер сілкінісінен кейін төтенше жағдайлар қызметі мен жол саласының мамандары инфрақұрылым нысандары мен тіршілікті қамтамасыз ету объектілеріне ауқымды тексеру жүргізді,деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің мамандары өзен арналарына, гидротехникалық құрылыстарға, сондай-ақ көшкін мен сел қаупі бар учаскелерге тексеру жүргізді. Бұдан бөлек, тіршілікті қамтамасыз ету нысандары да көзбен шолып тексерілді.
Мониторинг қорытындысы бойынша ешқандай зақым анықталған жоқ. Барлық нысан штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Қираулар мен зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ, жағдай тұрақты.
Сонымен қатар «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Жамбыл облысындағы республикалық маңызы бар автожолдардағы инженерлік құрылыстарды тексеру нәтижесінде де ешқандай бүліну тіркелмегенін хабарлады. Жол қызметтері жер сілкінісінің ықтимал әсері болуы мүмкін аумақтарды толық тексерген.
Тексеру барысында облыстың бірнеше ауданындағы 14 жолайрық, 8 теміржол өткелі, ауыл шаруашылығы техникасына арналған 10 жол өткелі, 39 көпір және жаяу жүргіншілерге арналған 2 жерүсті өткелі қаралды. Мамандар ешқандай ақау анықтамаған. Қазіргі уақытта көлік қозғалысы қалыпты режимде жалғасып жатыр.
Еске салсақ, жер сілкінісі 27 маусым күні Астана уақытымен сағат 18:34-те тіркелді. Оның эпицентрі Ауғанстан аумағында орналасқан. Жерасты дүмпулері Шымкент, Тараз қалаларында және еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі бірқатар елді мекенде 2 баллға дейін сезілді. Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.