Қазақстан ақпараттық қауіпсіздік көрсеткіші бойынша ТМД-да 2 орында

Автор: Смайлов Жандос

Қазақстан жаһандық киберқауіпсіздік индексі бойынша 2018 жылы 40 орынға көтерілді, ал 2017 жылы 83 орында болған

Фото: eurasian-studies.org

2018 жылдың соңында Қазақстанда компьютерді пайдаланатындардың қатары 77,7%-ға жеткен, ал интернетке қосылғандар 75,1% болды. Соңғы жылдары елімізде ақпараттық-коммуникациялық технологияны пайдалану қарқыны артқанымен, ақпараттық шабуыл мен басқа да қауіп-қатерлер саны өткен жылмен салыстырғанда 23% төмендеген.

Киберкеңістікте ақпараттық шабуылдар еліміздің кез келген азаматына қауіп төндіруі мүмкін. Осы жылдың шілде айының нәтижесі бойынша Қазақстанда ұялы байланыс абоненттері 25,8 млн-ға жеткен, ал олардың ішінде интернетке қосылған абоненттер саны 14,8 млн. Абоненттердің қатары артқан сайын кибершабуыл да арта түсетіні белгілі. Сол себепті, ақпараттық шабуылдарға қарсы тұру жұмыстары бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Интернет – ақпаратты тарату және сақтау үшін біріктірілген компьютерлік желілердің халықаралық желісі екенін ескерсек, ақпараттық шабуыл жасайтындардың арасында басқа елдің азаматтары да көп.

Қазақстан жаһандық киберқауіпсіздік индексі бойынша 2018 жылы 40 орынға көтерілді, ал 2017 жылы 83 орында болатын. Ақпараттық қауіпсіздікке қарсы тұру бойынша Қазақстан ТМД көлемінде Ресейден кейінгі 2 орынға жайғасқан. Ал, ТМД бойынша Ресей мен Қазақстаннан бөлек үздік бестікке Өзбекстан, Әзірбайжан және Беларусь елдері кірді.

2019 жылдың алғашқы жартыжылдығының нәтижесі бойынша Қазақстанда ақпараттық шабуылға қатысты 10,4 мың жағдай тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 22,8%-ға төмен.