Ол бизнес өкілдерінің 20 миллион теңгеден астам қаражатын иемденген
Алматы облысы Кеген ауданының прокуратурасы бұрынғы мемлекеттік қызметшіге қатысты ірі көлемдегі алаяқтық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Күдікті кәсіпкерлерді мемлекеттен жер алып беремін деп алдаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеу барысында анықталғандай, Кеген аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бұрынғы бас маманы өзінің лауазымдық мәртебесін пайдаланған. Ол жергілікті кәсіпкерлердің сеніміне кіріп, мемлекеттік қордан жер телімін алып беруге уәде берген.
«Күдікті қызметтік жағдайын сылтау етіп, бизнес өкілдерін алдау жолымен 20 миллион теңгеден астам көлемдегі ақшалай қаражатын иемденген», — деп хабарлады Алматы облысының прокуратурасы.
Аталған заңсыз әрекет анықталғаннан кейін құқық қорғау органдары тиісті шараларды қабылдады. 2026 жылғы 19 мамырда бұл дерек Кеген ауданының прокуратурасында ресми түрде тіркелді. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта істі тергеу Кеген аудандық полиция бөліміне жүктелген.
Қазіргі уақытта экс-шенеуніктің өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.