Алматыда таудан түсе алмай қалған 5 адам құтқарылды

Автор: Дәулет Ботагөз

Олар 2000 метрден астам биіктікте өздігінен жол таба алмаған

Фото: ТЖМ

Алматының Төтенше жағдайлар департаменті Құтқару қызметінің мамандары Бутаковка сарқырамасы аумағында адасып кеткен бес жасөспірімді аман-есен тапты. Зардап шеккендерге медициналық көмек қажет болмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2007 жылы туған бес жас жігіт шыңға шығып, кері қайтар жолда бағыттарынан жаңылысқан. Олар 2000 метрден астам биіктікте өздігінен жол таба алмай, «112» шұғыл байланыс нөміріне хабарласып, көмек сұраған. Құтқарушылар ақпарат түсісімен оқиға орнына жедел аттанып, іздеу-құтқару жұмыстарын бастады.

Алматы қаласы ТЖД қызметкерлері тауда қалған жастарды қысқа уақыт ішінде тауып, «Бутаковка» бақылау-құтқару бекетіне дейін қауіпсіз жерге жеткізді. Мемлекеттік органдардың хабарлауынша, жасөспірімдердің денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.