Қазіргі уақытта қылмыстық құқық бұзушылықтың барлық мән-жайы тексеріліп жатыр
Абай облысында жүргізуші куәлігін заңсыз сатумен айналысқан ХҚО-ның лауазымды тұлғалары қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокуратураның мәліметінше, жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық және практикалық емтихандардан сәтті өткізу мақсатында заңсыз ақша алу схемасы анықталды.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында Мамандырылған ХҚО-ның жекелеген қызметкерлері сенімді тұлғалар арқылы жүргізуші куәлігін ақшалай сыйақыға алуға мүдделі азаматтарды іздеумен айналысқаны анықталды. Сонымен қатар, заңсыз схемаға делдалдар тартылған, олар үміткерлерге нұсқаулық жүргізіп, теориялық емтихан тапсыру кезінде дұрыс жауаптарды алуға мүмкіндік беретін арнайы техникалық құралдармен қамтамасыз еткен. Аталған техникалық құралдар алынды, заттай дәлелдемелер ретінде танылды», – делінген хабарламада.
Жүргізіліп жатқан сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында Абай облысы бойынша ҰҚКД қызметкерлері Мамандырылған ХҚКО-ның лауазымды тұлғаларын ұстады.
Қазіргі уақытта қылмыстық құқық бұзушылықтың барлық мән-жайларын, сондай-ақ оған қатысы бар өзге тұлғаларды анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.