Мемлекет басшысы «Айбын» ХІI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында сөз сөйледі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысының Щучинск қаласында өтіп жатқан «Айбын» ХІI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Айбын-2026» бағдарламасына әскери-спорттық, интеллектуалдық, шығармашылық және әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша жарыстар енді. Биылғы жиын Қазақстанның бірнеше аймағынан, сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан елдерінен келген 50-ден астам команданың басын қосты.
Мемлекет басшысы бұл өскелең ұрпақтың рухын шыңдайтын, оларды отаншылдыққа тәрбиелейтін өте маңызды іс-шара екенін атап өтті.
«Байрақты бәсекеде еліміздің ең мықты, ең жігерлі жас сарбаздары лайықты өнер көрсетті. Сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден келген достас, бауырлас мемлекеттердің жастары бақ сынады. Бүгін мен бәріңізге зор ризашылығымды білдіремін. Дүбірлі дода еліміз үшін шын мәнінде аса маңызды кезеңде өтіп жатыр. Наурыз айында Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Бұл – мемлекетіміздің келешегін айқындайтын, ұлтымыздың тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға. Тұтас жұртымыздың арман-мұратын тоғыстырған Ата заң, ең алдымен, өскелең ұрпақтың игілігі үшін қабылданды. Кез келген елдің болашағы – өздеріңіз секілді отаншыл, білімді, еңбекқор, жасампаз және батыл жастардың қолында. Қазақстанның беделін арттырып, көшін алға бастайтын да – жалынды жастар! Мен сіздерге зор үміт артамын!» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, патриот болу дегеніміз – мемлекеттің саясаты мен стратегиясын іс жүзінде қолдау, ел игілігіне үлес қосу, туған жердің тағдыры үшін жауапкершілік алу.
«Осы қасиетті борыштың қатарында Отан қорғау ерекше, киелі парыз саналады. Әскери қызмет – азаматтықтың белгісі әрі қастерлі конституциялық міндет. Біз Қарулы күштерді дәйекті түрде жаңғыртуды қолға алдық. Армияға және әскери білім беру жүйесіне цифрлық технологиялар, жасанды интеллект пен даярлықтың озық стандарттары белсенді түрде енгізілуде. Бұл – заман талабы. Сондықтан қазіргі күрделі сын-қатерлерге төтеп беру үшін дайындығымыз сақадай-сай болуы қажет. Әрбір мүмкіндікті мемлекеттің іргесін бекемдеп, қуатын арттыруға пайдалану керек. Біздің негізгі міндетіміз – кәсіби деңгейі жоғары әскерилерді тәрбиелеудің тиімді жүйесін қалыптастыру. Қазіргі уақытта әскерилер жан-жақты дамыған, қоғам өмірінің барлық саласына үлес қоса алатын үлгілі тұлға екенін көрсетуге тиіс. Бүгін арнайы келген Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжді осындай табысты жұмыстың жарқын мысалы ретінде атауға болады. Биыл оқу орнының құрылғанына 30 жыл толады. Осы уақыт ішінде колледж сержанттық құрамға 4,5 мыңнан аса жоғары білікті маман даярлады. Бұл бірегей тәжірибе халықаралық деңгейде жоғары бағаға ие болды», – деді президент.