Осы сессиядағы жұмыстар қорытындыланды
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Парламент Мәжілісінің 8-ші сайланымдағы қорытынды пленарлық отырысын өткізді. Ол осы сайланған сессия жұмысы атқарған маңызды істерге тоқталып өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Сессияның ашылуында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев алдағы жылдардағы еліміздің стратегиялық даму бағдарын айқындап берді. Мемлекетімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды өзгерістер мен түбегейлі жаңғыру жолы әсіресе, заң шығару процесіне тың серпін әкелді. Осы сессия Қазақстан парламентаризмінің жаңа тарихындағы ең маңызды кезеңнің біріне айналды деуге болады. Президентіміз атап өткендей, 1 шілдеде Қазақстан жаңа дәуірге қадам басады. Бұл – тұтас ұлтымыздың, мемлекет басшысының ұлы жетістігі», – деді Қошанов.
Ол атағандай, депутаттар сол тарихи бет-бұрыстың заманауи заңнамалық негізін қалауға атсалысты.
«Бірінші кезекте, біз жаңа Конституцияны іске асыру үшін бірқатар конституциялық заң қабылдадық. «Президент», «Астананың мәртебесі», «Әкімшілік-аумақтық құрылыс» туралы заңдар жаңарып, «Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі», «Халық Кеңесі» туралы мүлдем жаңа заңдар қабылданды.Осылайша, Ата заңның күшіне енуі үшін барлық жұмыс сапалы әрі уақытылы атқарылды. Сонымен қатар, депутаттар «Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң қабылдады. Елімізде қылмыстық рақымшылықпен бірге, алғаш рет әкімшілік рақымшылық жасалды. Бұл қадам ізгілік пен әділеттілік қағидатының айқын көрінісіне дер едім», – деді ол.
Ерлан Қошанов мемлекет басшысы былтырғы жолдауында Қазақстанды үш жыл ішінде цифрлы мемлекетке айналдыру жөнінде ауқымды міндет қойғанын айтты.
«Жалпы, төртінші сессияда 40 жалпы отырыс өтіп, 334 мәселе қаралды. 190 заң жобасы Палата қарауында болды. Соның әрбір үшінші заң жобасы депутаттардың бастамасымен әзірленді. Мемлекет басшысы 110 заңға қол қойды», – деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.
Оның айтуынша, төртінші сессия барысында цифрландыру, жасанды интеллект, заң мен тәртіп, экономиканы жаңғырту және әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған маңызды заңдар қабылданды.
«Бұл бағытта жаңа «Цифрлық кодекс» пен «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданды. Аталған екі маңызды құжат та депутаттардың бастамасымен әзірленді. Ол еліміздің цифрлық дамуын жаңа деңгейге көтеруге жол ашады. Қазақстан әлемде мұндай заң қабылдаған алғашқы елдердің қатарында», – деді Қошанов.
Мәжіліс төрағасы құқықтық тәртіпті нығайтуға ерекше назар аударылғанын айтты. Оның сөзінше, Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге енгізілген өзгерістер медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне қарсы жасалатын зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтті.
«Жалпы, соңғы уақытта қоғамда заң мен тәртіпке деген сұраныс артып, бұл принцип берік орнығып келеді деп айта аламыз. Қабылданған заңдардың бәрі осы қағидатты нығайтуға бағытталған», – деді ол.
Қошановтың айтуынша, сессия барысында жаңа экономикалық саясатты іске асыруға арналған заңнамалық база да күшейтілді. Атап айтқанда, жаңа Құрылыс кодексі, «Банктер және банк қызметі туралы» заң қабылданып, жер қойнауын пайдалану саласына өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар, «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» конституциялық заң қабылданған.
Әлеуметтік салада азаматтарды жалған психологтардан қорғауға арналған жаңа заң қабылданып, педагогтердің құқықтарын қорғау мен оларды өздеріне тән емес міндеттерден босатуға бағытталған нормалар бекітілді. Сондай-ақ талантты жастарды қолдау шаралары кеңейтілген.
Сессия барысында Жоғары аудиторлық палатаның есебі тыңдалып, екі Үкімет сағаты өтті. Депутаттар мемлекеттік органдарға 419 депутаттық сауал жолдап, өңірлерде 500 елді мекенді аралап, 1200 кездесу өткізген. Азаматтарды қоғамдық қабылдау барысында 2327 адамның өтініші қаралған.
«Біз ел мүддесі жолында жұмылдық. Мемлекет басшысының "Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет" формуласы іс жүзінде тиімді іске асқанының куәсі болдық», – деп түйіндеді Ерлан Қошанов.