«Бюджетті тиімсіз пайдалану көлемі 648 млрд теңгеге жетті»: Айдос Сарым бюджетті жоспарлауды сынға алды

Автор: Аягөз Құрмаш

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есе көп

Фото: parlam.kz

Экономикалық өсім туралы мақтанғанмен, ол қарапайым халықтың тұрмысына әсер етпей отыр. Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкіметтің бюджетті жоспарлау және оны жұмсау саясатын қатаң сынға алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.     

Депутат өз сөзінде Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысы мемлекет қаржысын басқаруда алаңдатарлық жүйелі кемшіліктер бар екенін әшкерелегенін ашық айтты. Оның мәлімдеуінше, елде ЖІӨ өсімі мен инвестиция көлемі туралы жиі айтылғанымен, бұл көрсеткіштер халықтың мүддесіне қызмет етпей отыр. Бюджеттің нақты жағдайы бұрмаланып, тіпті келесі жылдың түсімдерін алдын ала есепке алу фактілері тіркелген.

Сарым Үкіметтің жұмысындағы ең басты бес түйткілді мәселені тізбектеп шықты: бюджеттің жыл ішінде 8 рет өзгеруі, кіріс жоспарының орындалмауы, инфляцияны тежей алмау, тұтынушылық несиенің бақылаусыз өсуі және мемлекет қаржысының шашылуы.

«Бесінші мәселе – мемлекеттік шығыстардың тиімсіздігі. Бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану көлемі 648 миллиард теңгеге жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есе көп. Кез келген болашағын ойлаған жауапты отбасы өз мүмкіндігін есептеп өмір сүреді. Егер отбасы жыл басында жасаған жоспарын жыл ішінде қайта-қайта өзгертіп, бір қарызын екінші қарызбен жауып, жинақтағы қаражатын күнделікті қажеттілікке жұмсай бастаса, оның қаржылық жағдайын тұрақты деп айта аламыз ба?» - деді Айдос Сарым Үкіметке шүйлігіп.

Сонымен қатар, депутат саяси жауапкершіліктен қашпау керектігін ескертті. Оның айтуынша, жіберілген қателіктерді тек жекелеген министрлер мен әкімдерге ысыра салу дұрыс емес, Парламент те бұл кемшіліктер үшін саяси жауапкершілікті арқалайды. Сарым халықты тек жәрдемақыға тәуелді қылмай, «Қарызсыз қоғам», «Ауыл аманаты» сияқты нақты мүмкіндік беретін жобаларды кеңейту қажеттігін алға тартты.

Ол елге эмоция емес, нақты нәтижеге негізделген жаңа мемлекеттік жоспарлау жүйесі керек деп есептейді.

«Сынды сын айту үшін емес, нәтиже шығару үшін айтып отырмыз. Өйткені мемлекеттік басқаруда эмоция емес, нақты көрсеткіш пен нәтижелер шешуші рөл атқарады. Сондықтан бүгінгі талқылаудың негізгі қорытындысы біреу – Қазақстанға жаңа сападағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі қажет. Бюджет нақты болжамға сүйенуі тиіс. Әр теңгенің қайтарымы сұралуы қажет. Әрбір мемлекеттік орган қабылдаған шешімі үшін нақты жауап беруі керек», - деп түйіндеді Мәжіліс депутаты.

Сын-ескертпелерді Үкімет алдағы уақытта ескеруі тиіс екенін айтқан Айдос Сарым, әріптестерін Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептерін қабылдауға шақырды.