Жақын арада инфляцияны 10%-дан төмен түсіруді жоспарлап отырмыз – Бектенов

Автор: Аягөз Құрмаш

Қазақстан экономикасы жыл сайын орташа есеппен 5%-ға тұрақты өсіп келеді

Фото: Azattyq Rýhy, Әбілқасым Есентаев

Үкімет экономикалық өсімді өздігінен мақсат емес, халықтың әл-ауқатын арттырудың басты құралы деп санайды. Парламент палаталарының бірлескен отырысында премьер-министр Олжас Бектенов елдегі инфляцияны ауыздықтау және азаматтардың нақты табысын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.     

Үкімет басшысының мәлімдеуінше, пандемиядан кейінгі кезеңде Қазақстан экономикасы жыл сайын орташа есеппен 5%-ға тұрақты өсіп келеді. Дегенмен, өткен жылы байқалған жоғары инфляциялық қысым халықтың табыс деңгейіне өз әсерін тигізбей қоймаған. Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен шараларының арқасында бұл көрсеткішті төмендетудің сәті түсті.

«Өткен жылдың қыркүйек айында инфляция шарықтау шегіне жетіп, 12,9% көрсеткішін көрсетті. Қазіргі уақытта Үкімет, Ұлттық банк және басқа да мүдделі құрылымдар қабылдаған шаралардың нәтижесінде, осы жылдың бес айының қорытындысы бойынша инфляция көрсеткіші 10,4%-ға дойын төмендеді және біз өз есептеулеріміз бен қабылдап жатқан шараларымызға сүйене отырып, таяу арада инфляцияны 10%-дан төмен түсіруді жоспарлап отырмыз», – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр инфляция қысымына қарамастан, бірқатар маңызды салада халықтың нақты табысында оң динамика бар екенін алға тартты. Оның ішінде ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің табысы 9,3%-ға, ал сауда, байланыс, сумен жабдықтау және энергетика салаларында орташа есеппен 4%-ға өсім тіркелген. Көлік саласындағы табыс деңгейі де 5-тен 10%-ға дейін артқан.

Биыл Үкімет инфляцияны төмендетумен қатар, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған арнайы кешенді жоспарды іске асыруды көздеп отыр.

«Халықтың табысын арттыру бойынша жеке жоспар қабылданды, онда біздің пайымдауымыз бен бағалауымызша, халықтың нақты табысының өсуіне алып келенін барлық шара егжей-тегжейлі жазылған. Бұл – бүгінде біз импорттап, елге инфляция әкеліп отырған қажетті тауарларды өзімізде өндіру, сондай-ақ жұмыскерлердің жалақысын көтеру жөніндегі жалпы шаралар. Оның ішінде мемлекеттен қомақты қолдау алатын кәсіпорындардың қарсы міндеттемелер аясындағы шаралары да бар – бүтін бір кешенді шаралар. Сондықтан бұл бағытта жұмыс істейтін боламыз», – деп түйіндеді сөзін премьер-министр.