Кейбір бағдарламалар бойынша бюджетті түзету көлемі 90 пайызға жетті – Әлихан Смайылов

Автор: Аягөз Құрмаш

Қаржы тапшылығы жағдайында әрбір шығыстың басымдығын айқындау ерекше маңызды

Фото: gov.kz

Мемлекеттік органдар республикалық бюджетке Парламенттің қосымша қарауынсыз-ақ елеулі өзгерістер енгізіп келген. Кейбір бюджеттік бағдарламалар бойынша қаржыны қайта бөлу көлемі 90%-ға дейін жеткен. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жоғары аудиторлық палата төрағасы бюджет заңнамасындағы бірқатар жүйелі мәселеге назар аударды. Оның айтуынша, қолданыстағы тәртіп мемлекеттік органдарға республикалық бюджет туралы заңмен бекітілген қаражатты Парламенттің қатысуынсыз қайта бөлуге мүмкіндік беріп отыр.

«Мемлекеттік органдарға өз бюджеттеріне нақтылау жүргізбей-ақ, 15 пайыздық шек аясында өзгеріс енгізуге рұқсат берілген. Алайда бұл тетік жан-жақты қайта қарауды қажет етеді. Өйткені әрбір түзетуден кейінгі көлем негізге алынатындықтан, сегіз рет өзгеріс енгізу арқылы бастапқыда бекітілген бюджеттің басым бөлігін қайта бөлуге болады. Іс жүзінде кейбір бюджеттік бағдарламалар бойынша мұндай қайта бөлу көлемі 90 пайызға дейін жеткен. Бұл Парламент республикалық бюджет туралы заң жобасын қарау кезінде жан-жақты талқылап, бекіткен параметрлерден айтарлықтай ауытқуға жол ашады», – деді Әлихан Смайылов.

Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата мұндай түзетулердің шегін заң жүзінде нақтылап, олардың Парламент бақылауында болуын қамтамасыз етуді ұсынып отыр.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов қаржы тапшылығы жағдайында блоктық бюджеттеу тәсілінің тиімділігіне де күмән келтірді.

«Қаржы тапшылығы жағдайында әрбір шығыстың басымдығын айқындау ерекше маңызды. Осындай кезде блоктық бюджеттеу өзінің тиімділігін толық көрсете алмай отыр. Сондықтан пилоттық негізде енгізілген мемлекеттік органдардың тәжірибесін жан-жақты саралап, оның қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылдау қажет деп санаймыз», – деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.