Жол апаты 23 маусым күні болды
Алматы – Қорғас тасжолында болған жантүршігерлік жол-көлік оқиғасынан көз жұмғандар саны төрт адамға жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылғы 23 маусымда Шелек ауылындағы Қағазбаев көшесі маңындағы жол апаты салдарынан аудандық ауруханаға 7 адам медициналық көмекке жүгінген.
Дәрігерлік тексеру мен қажетті медициналық көмек көрсетілгеннен кейін зардап шеккендердің бірі тұрғылықты жері бойынша амбулаториялық ем қабылдауға жіберілді.
2025 жылы туған сәби жағдайы тұрақтандырылған соң әрі қарай мамандандырылған ем алу үшін облыстық балалар клиникалық ауруханасына ауыстырылды.
«Қазіргі уақытта үш науқас травматология бөлімінде ем қабылдап жатыр. Олардың жағдайы – орташа ауыр. Тағы бір науқас анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінде жатыр. Оның жағдайы өте ауыр. Өкінішке қарай, зардап шеккендердің бірі алған ауыр жарақаттарының салдарынан көз жұмды», – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Ведомство өкілдері ауруханаға жатқызылған барлық науқасқа қажетті медициналық көмектің толық көлемде көрсетіліп жатқанын атап өтті.
Айта кетейік, осыған дейін Алматы облысындағы жол апатынан бір отбасының үш адамы қаза тапқаны хабарланған.