Кеген ауданындағы полицейдің өртенген мәйіті: қайғылы оқиға жайлы тың мәлімет жарияланды

Автор: Асыл Арман

15 жылдан аса еліне еңбек еткен полиция майоры Аслан Әлсеровті жақындары ақтық сапарға шығарып салды

Фото: t.me/ Kozachkov offside

Алматы облысынан қол-аяғы байлаулы күйдегі полиция қызметкерінің өртенген мәйіті табылған. Марқұмның мүрдесін малын іздеп жүрген тұрғын байқапты. Жантүршігерлік қылмысқа күдікті ретінде марқұмның әйелі мен 14 жастағы ұлы ұсталған. 15 жыл ішкі істер органында қызмет еткен Аслан Әлсеровті туыстары ақтық сапарға шығарып салды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

15 жылдан аса еліне еңбек еткен полиция майоры Аслан Әлсеровті жақындары ақтық сапарға шығарып салды. Марқұмның мәйіті күні кеше Кеген ауданының таулы аймағынан қол-аяғы байлаулы, өртенген күйінде табылған.

Мамандар, оқиға Алматы қаласында болған дейді. Қазір күдікті ретінде 15 жыл отауласқан жұбайы, кәмелетке толмаған ұлы мен оның досы қамауға алыныпты. Асқан жауыздықпен жасалған қанды қылмыс пәтерде болған, дейді көрші-қолаң.

Мұнда марқұм отбасымен бірге тұрыпты. Қазір есік мөрленген. Көршілер қаза тапқан Аслан мен жанұясы туралы бірде-бір жаман пікір айтқан жоқ. Сол күні де ешқандай айқай-шу естімепті. Тіпті қылмыс болғанын полиция қызметкерлері жауап алуға келгенде ғана білген.

«Бізге бір полиция келіп, немеремнен сұраған. «Сендер қашаннан тұрасыңдар, кеше естідіңдер ме?» деп. Ол жұмыстағы кісілер, мен де ештеңе естіген жоқпын. Тым-тырс. Ылғи да жұмыста. Анда-санда балконнан балаларын көремін. Түк те білмейміз. Кеше қайғырып қалдым. Әп-әдемі, сондай кісілер. Келіншегі де, өзі де», – дейді марқұмның көршісі.

37 жастағы марқұмның жеті баласы бар екен. Қара жамылған Асланның туыстары қазір тілшілермен тілдесетін жағдайда емес. Ал облыстық Полиция департаменті сұмдық жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Оқиға Алматы қаласында болған. Жантүршігерлік қылмысқа не себеп болғаны әзірге белгісіз. Марқұмның жақындары да оқиғаның неден басталғанын, жанұясында қандай дау болғанын біле алмай дал. Олар енді кінәлілер тиісті жазасын алса дейді.

Осыған дейін Алматы облысының Полиция департаменті оқиғаға қатысты ресми пікір бергені жарияланған.