ШҚО-да ірі көлемде есірткі сатып жүрген ер адам ұсталды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Оның үйінен жалпы салмағы 2,8 келіден аса есірткі табылды

Фото: Polisia.kz

Шығыс Қазақстан облысында есірткі қылмысына қатысы бар күдікті азамат ұсталып, заңсыз айналымнан ірі көлемдегі марихуана тәркіленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жедел уәкілдердің бақылауымен күдікті сатушымен хат алмасып, есірткі сатып алу жөнінде келісім жасалды. Тыйым салынған затты беру кезінде күдікті қылмыс үстінде ұсталды. Ол Өскемен қаласының 49 жастағы тұрғыны болып шықты.

Тұрғылықты жерін тінту және тексеру барысында полицейлер бірнеше ірі көлемдегі есірткі тапқан. Олар полимер пакеттерге салынып, әрі қарай таратуға дайындалғаны анықталды. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат марихуана болып шықты. Оның жалпы салмағы 2,8 келіден асты.

Сонымен қатар полицейлер бір миллион теңгеден астам қолма-қол ақша тәркіледі.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция есірткінің заңсыз айналымы қоғамға үлкен қауіп төндіретінін және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.