80-нен астам автобус жүргізушісі жауапкершілікке тартылды
Астана қаласында полиция қызметкерлері автобус жүргізушілерін жаппай жазалап жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астана қаласында қоғамдық көлік саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері автобус парктері мен қоғамдық көлік бағыттарында кешенді тексерулер жүргізіп, жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін сақтауына, техникалық жағдайына және жол қозғалысы ережелерін сақтауына ерекше назар аударуда.
«Өткізілген рейдтердің нәтижесінде 1000-нан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 5-бөлігі бойынша 80-нен астам автобус жүргізушісі жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бұзу, көлік құралдарын пайдалану талаптарын сақтамау және өзге де әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталды», – делінген ПД хабарламасында.
Астана қаласының Полиция департаменті қоғамдық көлік жүргізушілерін жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Бұл жолаушылардың қауіпсіздігі жүргізушілердің тәртіптілігі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты.