Астанада ішіп алған ер адам лифтінің есігін теуіп сындырды: шығын – 1,5 млн теңге (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Ол есіктерді қолымен ашып, теуіп, жұдырықпен ұрып, нәтижесінде көтергіш құрылғыларды істен шығарған

Фото: Видеодан скрин

Астанада Тәуелсіздік даңғылындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде ішіп алған ер адам лифтінің есігін теуіп сындырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полиция қызметкерлері ортақ мүлікке қасақана зиян келтірген 34 жастағы ер адамды қолға түсірді.

Тәртіп бұзушы қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, күш қолдану арқылы алдымен бір, кейін екінші лифтінің есігін сындырған. Ол есіктерді қолымен ашып, теуіп, жұдырықпен ұрып, нәтижесінде көтергіш құрылғыларды істен шығарған.

«Келтірілген материалдық шығын көлемі 1,5 миллион теңгені құрады. Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталды. Полиция бөтеннің мүлкіне қол сұғудың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады. Заң мен тәртіп – қоғамдық мүліктің қауіпсіздігі мен сақталуының басты кепілі», – делінген ПД хабарламасында.