Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысы бар жүргізушілердің бәрін анықтады
Абай облысында жолда бейберекеттік тудырған той кортежінің қатысушылары жаппай жауапқа тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 21 маусым күні шамамен сағат 19:30-да Ақсуат ауданы Ақсуат ауылының Қабанбай көшесінде бірнеше автокөлік жүргізушісі той кортежі құрамында жол қозғалысы ережелерінің талаптарын әдейі елемей, қауіпті маневрлер жасап, басқа жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндірген.
Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысы бар жүргізушілердің бәрін анықтады.
«Тексеру нәтижесінде Hyundai Tucson, Hyundai Santa Fe, Chevrolet, Toyota және Lada Priora көліктерін жүргізген бес жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы құқық бұзушыларға қатысты маневр жасау ережелерін бұзу, қауіпсіздік белдігін тақпау, апаттық жағдай туғызу және көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу бойынша 19 әкімшілік хаттама толтырылды», – делінген ПД хабарламасында.
Сонымен қатар, құқық бұзушылардың көліктері арнайы айыптұрағына қойылды.
Абай облысы Полиция департаменті мерекелік іс-шаралар жол қозғалысы ережелерін сақтау міндетінен босатпайтынын атап өтеді. Жолда қауіпсіздікке қатер төндіретін кез келген әрекет, себеп пен қатысушылардың мәртебесіне қарамастан, қатаң құқықтық бағасын алады.