Қазіргі уақытта екеуі де қамауға алынды
Маңғыстауда заңсыз есірткі айналымына қатысы бар күдіктілер қолға түсті. Олардан 20 келіге жуық марихуана тәркіленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ІІМ мәліметінше, Ақтау қаласындағы базарлардың бірінің аумағында аса ірі мөлшерде есірткі заттарын заңсыз сақтады деген күдікті ұсталды. Тергеу әрекеттері барысында күдікті пайдаланған қойма ішінен өсімдік тектес есірткі заттары анықталып, тәркіленді. Сонымен қатар оның тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде қосымша есірткі заттары мен оларды пайдалануға арналған арнайы құралдар табылды.
Одан әрі жүргізілген жедел іс-шаралар барысында аталған дерекке қатысы бар тағы бір азамат анықталып, ұсталды. Сот-сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген заттың марихуана екені анықталды.
Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы шамамен 20 келіні құрап, аса ірі мөлшерге жататыны белгілі болды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Негізгі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта қылмыстың барлық мән-жайын және есірткі жеткізу арналарының ықтимал жолдарын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.