Қазақстандықтар енді ЭЦҚ арқылы кіретін тағы бір сервисте қосымша тексеруден өтеді
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Қазақстан Республикасы Ұлттық куәландырушы орталығының жеке кабинетіне кіру тәртібі өзгергенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жаңа талапқа сәйкес, жүйеге кірген кезде пайдаланушы өз тұлғасын қосымша растауы керек. Ол үшін Мобильді азаматтар базасында тіркелген телефон нөміріне SMS арқылы жіберілетін бір реттік кодты немесе eGov Mobile қосымшасындағы цифрлық жеке куәліктен алынатын кодты енгізу қажет.
Бұл өзгеріс Қазақстан Республикасы Ұлттық куәландырушы орталығының жеке кабинетінде пайдаланушылардың қауіпсіздігін күшейту мақсатында енгізіліп отыр.
Айта кетейік, жаңа механизм Мобильді азаматтар базасында тіркелген телефон нөмірі жоқ және Қазақстан Республикасының резиденті емес тұлғаларға қолданылмайды.
Мамандардың айтуынша, екі факторлы аутентификация есептік жазбалардың қорғалу деңгейін арттырып, алаяқтардың немесе үшінші тұлғалардың пайдаланушылардың дербес деректеріне заңсыз қол жеткізуінің алдын алуға мүмкіндік береді.
Осылайша, енді Ұлттық куәландырушы орталықтың жеке кабинетіне кіретін азаматтар ЭЦҚ мен құпиясөзден бөлек, қосымша қауіпсіздік тексеруінен өтетін болады.