Қандыағаштағы 100-ден аса адамның жаппай улануы: полиция қылмыстық іс қозғады

Автор: Асыл Арман

Дәрігерлердің мәліметінше, ауруханаға жатқызылғандардың жағдайы – орташа ауыр

Фото: instagram.com/gazeta_diapazon/видеодан скрин

Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласындағы «Тұмар» мейрамханасындағы жаппай улану ісіне байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған факті бойынша санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу белгілері бойынша (ҚР ҚК 304-бабы) қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

«Улану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу аясында оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция өкілдері.

Сотқа дейінгі тергеу нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.

Айта кетейік, 19 маусымнан бері Мұғалжар аудандық ауруханасы мен облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына ішек инфекциясының белгілерімен 102 адам жеткізілген. Оның ішінде 34 науқаста сальмонеллездің ықтимал жағдайы тіркелген.

Дәрігерлердің мәліметінше, ауруханаға жатқызылғандардың жағдайы – орташа ауыр. Барлық науқасқа қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр.

Жағдайды үйлестіру үшін жедел штаб құрылып, Мұғалжар ауданына қосымша медициналық бригадалар жіберілген.