Ерлі-зайыпты блогерлерге қатысты сот үкімі шыққан
Қазақстандық ерлі-зайыпты блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық іс аясында тәркіленген смартфондар мемлекеттік мүлікке арналған E-Qazyna электрондық порталы арқылы аукционға қойылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Саудаға жалпы саны 17 дана iPhone 16 смартфоны шығарылған. Аукционды Астана қаласының Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті ұйымдастырып отыр.
Электрондық сауда алаңындағы мәліметке сәйкес, әр смартфонның бастапқы бағасы 484 990 теңгені құрайды. Аукционға қатысу үшін 72 749 теңге көлемінде кепілдік жарна төлеу қажет.
Электрондық сауда 2026 жылғы 8 шілдеде сағат 10:00-де бағаны көтеру қағидаты бойынша өтеді.
Бұған дейін аукционға «ZHANA BUSINESS» ЖШС-нің атына тіркелген сегіз Hyundai Elantra автокөлігі де шығарылған болатын. Аталған компанияның құрылтайшысы – Эльмира Төлегенова.
Еске салайық, биыл 27 сәуірде ерлі-зайыпты Жанабыловтар «Қылмыстық жолмен алынған ақша мен өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату)» және «Заңсыз кәсіпкерлік» баптары бойынша кінәлі деп танылған.
Сот үкімімен Ерболат Жанабылов екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Ал Эльмира Төлегенова ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде екі жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Алайда оның кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты жазаны өтеу мерзімі екі жылға кейінге қалдырылды.