«Шетелде тұратын туысыңмын»: Қарағанды облысында қарияларды алдаған алаяқ сотталды

Автор: Асыл Арман

Ол алаяқтық жасап 10 қарияны алдаған

Фото: istockphoto.com

Қарағанды облысында қариялардың сеніміне кіріп, миллиондап ақша жымқырған интернет-алаяқ сотталып тынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қарағанды облысының Әлихан Бөкейхан ауданының прокуратурасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 4) тармағымен айыпталған М.-ға қатысты қылмыстық іс бойынша мемлекеттік айыптауды қолдады.

«Сотта М.-ның интернет-ресурстарды пайдалана отырып, егде жастағы азаматтардың байланыс деректерін анықтап, оларға қоңырау шалып, өзінің кім екенін ашып айтпай, әңгімелесуді бейтарап сөздерден бастағаны анықталды. Жәбірленушілер қоңырау шалушының кім екенін анықтауға тырысқан кезде, өздері оны Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұратын туыстары деп болжаған. Осы жағдайды пайдаланған М. жәбірленушілердің жаңылысқан пікірлерін қолдап, сәлемдеме алу сылтауымен куръер арқылы ақша қаражатын беруге көндірген, кейіннен ақшаны өзі алып кетіп, оқиға орнынан бой тасалаған», – делінген прокуратураның хабарламасында.

Қылмыстық әрекеттердің нәтижесінде 10 егде жастағы азамат жәбірленуші деп танылды, оларға 50 мың теңгеден 1 миллион 750 мың теңгеге дейінгі мөлшерде материалдық залал келтірілген.

Қылмыстық істі қарау қорытындысы бойынша сот М.-ды кінәлі деп танып, оған жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеумен 4 жыл 7 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.