Қазақстан «Ақтөбе – Ұлғайсын» автожолын жөндеу үшін ЕҚДБ-дан 229,5 млрд теңге қарыз алды

Автор: Асыл Арман

Жобаның жалпы құны 523 млрд теңгені құрайды

Фото: istockphoto.com

Қазақстан «Ақтөбе – Ұлғайсын» автожолын қайта жаңарту үшін ЕҚДБ-дан 229,5 млрд теңге қарыз алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, Брюссель қаласында елдегі маңызды жол жобаларының бірі – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің учаскесін қайта жаңарту бойынша келісімге қол қойылды.

Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға арналған халықаралық бизнес-конференция аясында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ Еуропалық қайта құру және даму банкімен республикалық маңызы бар «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автомобиль жолын қайта жаңарту жобасын іске асыру туралы келісім жасасты.

ЕҚДБ қарызының сомасы 229,5 млрд теңгені құрайды. Құжатқа ұлттық компания атынан «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев қол қойды.

Жоба аясында автомобиль жолының 763-791 шқ және 819-1025 шқ аралығындағы 234 шақырым учаскесі қайта жаңарту көзделген. Жол I техникалық санатқа ауыстырылып, төрт жолақты қозғалыс, асфальтбетон жабыны және сағатына 120 шақырымға дейінгі есептік жылдамдық қамтамасыз етіледі.

Қайта жаңаратын учаске Қазақстанның көлік жүйесі үшін стратегиялық маңызға ие. Ол «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық бағытының, Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы бағдарламасының №1 дәлізінің және Е38 еуропалық маршрутының құрамына кіреді. Бұл бағыт Еуропа, Орталық Азия және Қытай арасындағы маңызды көлік байланысын қамтамасыз етеді.

«Еуропалық қайта құру және даму банкімен келісімге қол қою – елдегі ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірін іске асырудағы маңызды қадам. Бұл тек жолды қайта жаңарту ғана емес. Бұл – Қазақстанның транзиттік әлеуетіне, жол қозғалысы қауіпсіздігіне, Ақтөбе облысының дамуына және еліміздің Еуразиядағы негізгі көлік торабы ретіндегі рөлін нығайтуға салынған инвестиция. Жоба аяқталғаннан кейін аталған учаске халықаралық дәліздің өткізу қабілетін арттыратын, бизнеске, логистикаға және өңір тұрғындарына жаңа мүмкіндіктер ашатын заманауи төрт жолақты магистральға айналады», – деп атап өтті ұлттық компания басшысы Дархан Иманашев.

Жобаның жалпы құны 523 млрд теңгені құрайды. Қаржыландыру халықаралық қаржы институттарының – Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің қатысуымен жүзеге асырылады.

Жобаны іске асыру көлік дәлізінің өткізу қабілетін едәуір арттыруға, жол жүру уақытын қысқартуға, көлік шығындарын азайтуға және жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді. Есептеулерге сәйкес, жаңғыратын учаскеден өту уақыты 1,4 сағатқа дейін қысқарады.