Алаяқтар көлік ұрлаудың жаңа тәсілін ойлап тапты: ІІМ қазақстандықтарға ескерту жасады

Автор: Асыл Арман

Алматы қаласының тұрғыны 60 млн теңге тұратын көлігінен айырылып қала жаздады

Фото: Polisia.kz

Қазақстанда логистикалық платформалар арқылы қымбат көліктер мен жүктерді қолды қылатын алаяқтық топтар пайда болды. ІІМ мәліметінше, қаскөйлер «Della» және «Fa-Fa.kz» сияқты сервистерді пайдаланады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алаяқтар көбінесе автокөліктер мен жүктерді Алматы қаласы мен Алматы облысынан еліміздің басқа өңірлеріне жеткізу туралы хабарландырулар жариялайды. Хабарландыру жарияланғаннан кейін алаяқтар тапсырыс берушілермен және жүргізушілермен WhatsApp мессенджері арқылы байланысады. Тапсырыс берушілерге өздерін тасымалдауды ұйымдастырушы немесе жүргізуші ретінде таныстырса, жүргізушілерге өздерін жүк иесі ретінде көрсетеді. Екі тараптың да сеніміне кіргеннен кейін тасымалдау шарттары жөнінде келісім жасайды. Алматы қаласынан шыққаннан кейін алаяқтар ұрланған автокөлік немесе жүкті басқа көлікке ауыстырып тиеп, оны өз қалауларынша пайдаланады.

Мысалы, 7 маусымда Алматы қаласының тұрғыны полицияға өзінің қымбат автокөлігінің ұрланғаны туралы арызданған. Екі күн бұрын белгісіз біреулер көлігін алдап алып, 60 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келтірген. Уақытылы жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері ұрланған автокөлікті тауып, заңды иесіне қайтарды.

Қылмыс жасады деген күдікпен үш адам ұсталды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, оқиғаның барлық мән-жайы мен басқа да ықтимал сыбайластары анықталып жатыр.

Осындай қылмыстардың алдын алу мақсатында ІІМ азаматтарға қауіпсіздік шараларын ұстануды ұсынады:

  • жүргізушінің жеке куәлігін және көлік құжаттарын мұқият тексеру;
  • тасымалдаушының телефон нөмірін хабарландыруда көрсетілген нөмірмен салыстыру;
  • жүру бағыты мен жеткізудің соңғы нүктесін алдын ала жеке талқылау;
  • интернеттен тасымалдаушы мен жүргізуші туралы пікірлерді зерделеу.

Құжаттарда сәйкессіздіктер байқалса, күмән туғызатын басқа да жағдайлар анықталса, тасымалдаушының қызметінен бас тартып, бұл туралы дереу 102 нөміріне хабарлауы немесе жақын жердегі криминалдық полиция бөліміне жүгінуі қажет.