Ол Қазақстан құрамасын әртүрлі жылдары жаттықтырды
Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов ресми түрде қызметінен кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстан футбол федерациясы Талғат Маруаұлының Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметінен кету туралы шешім қабылдағанын ресми түрде мәлім етті.
Команда тізгініндегі жұмысы барысында Талғат Байсуфинов құрамадағы барлық кезеңі арасында ең үздік нәтижені көрсетті. Оның ішінде әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Бельгиямен өз алаңымызда тең түсті. Оның жетекшілігімен команда өз күшіне деген сенімділікті қайтарып, ФИФА рейтингіндегі орнын жақсартты.
«ҚФФ Талғат Маруаұлына кәсібилігі, ісіне деген адалдығы және Қазақстан ұлттық құрамасының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін алғыс білдіреді, сондай-ақ оған алдағы кәсіби қызметінде сәттілік тілейді. Бапкерлер штабын жасақтау бойынша алдағы қадамдар туралы қосымша хабарланады. Ұлттық құраманың алдағы матчтарға дайындығы қалыпты күйде жалғасады», – делінген ҚФФ хабарламасында.
Айта кетейік, 57 жастағы маманның Қазақстан құрамасындағы кезекті қызмет кезеңі аяқталды. Талғат Байсуфинов ұлттық құраманы соңғы рет 2025 жылдың қазан айында тізгіндеген болатын. Ол бапкерлік карьерасында Қазақстан құрамасын үш мәрте басқарды. Жалпы алғанда, оның жетекшілігімен ұлттық команда 22 кездесу өткізді. Соның нәтижесінде қазақстандық футболшылар 5 ойында жеңіске жетіп, 7 матчта тең нәтиже тіркесе, 10 ойында жеңіліске ұшырады.